азрешения правообладателя. В частности, запрещено такое использование, в результате которого электронная книга, ее часть, фрагмент или элемент станут доступными ограниченному или неопределенному кругу лиц, в том числе посредством сети интернет, независимо от того, будет предоставляться доступ за плату или безвозмездно.
Копирование, воспроизведение и иное использование электронной книги, ее частей, фрагментов и элементов, выходящее за пределы частного использования в личных (некоммерческих) целях, без согласия правообладателя является незаконным и влечет уголовную, административную и гражданскую ответственность.
© Әнуар Қошқарбаев, 2024
© Басылым қазақ тілінде, безендіру. Zerde Publishing, 2024
Өмірімде басымнан кешірген барлық қорқыныштан жетектеп өткізген анама
1-бөлім
Қызыл дақ
Көктем биыл ерте шығып, бірнеше күн сіркіреп жауған нөсерден кейін маңай жаппай көктеп, құлпыра түскен. Күннің қызуы да артып, нұрына шарпылғандай қызғылт гүл қаулап қауыз жарып, ауылдан қалаға қарай шығаберістегі алқап әдемі кілемге айналып, көкжиекпен астасып, кең даланы қызыл түске бояп тастағандай әсер қалдырады. Табиғаттың мұндай ғажайып көрінісін тоқтап тамашалау, жаңа ашылған гүлдің жұпар иісін кеудені кере жұтып рақаттану талайды қызықтырары анық.
Гүл жайлаған алқап құс ұшатын биіктіктен қызыл дақ секілді көрінсе де, самал желмен толқындана жайнап, жолаушының жанарын бірден жаулап алатыны – түсінікті жайт. Гүлдің шет жағындағысы нәп-нәзік қызғалдаққа ұқсағанымен, ортасына бойлай енген сайын түрленіп, райхан тәріздес, сабағы тікенекті жабайы гүлге айналады екен. Аралай берсең, шырмауық сияқты созылып жатқан түрін де ұшырастыруға болады.
Байсала ауылы қаладан жырақтағы тұйықта, тау ішінде орналасқандықтан ба, бұл жақтың табиғаты әлі адамзаттың уытты табанымен таптала қоймаған, пәк күйінде жатқандай. Бәлкім, мұнда бір гәп те болар… Бұл маңдағы алқапта ертеректе тек қызғалдақтар мен сарғалдақтар өсуші еді. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, он жылдай бұрын осы маңды қызыл гүлдің ерекше бір түрі жерсініп, біртіндеп алқапты басып алған.
Бұған көпшілік көндіге алар емес, қызыл алқаптың күндізгі көрінісі соншама әп-әдемі болғанымен, кейін жиі орын алған келеңсіз оқиғалар жергілікті елдің жауығуына әкеліп, кейбіреулер күз мезгілінде жел жағынан өрт қойып, алқаптағы гүлді отқа орандырып жоймақ та болды. Бірақ жабайы гүлден оңай құтыла салу мүмкін емес екен, көктемде қайтадан өртең жердің үстіне өршелене қаулап шығып, қаламен қатынасқан жолаушылардың із-түзсіз жоғалуы жиілей түсті.
Қаламен қатынастың тек жалғыз жол арқылы жүзеге асырылуына байланысты жолаушылаған ел үнемі аталмыш қызыл алқапты басып өтуге мәжбүр болатын. Бұл жазықтың қақ ортасынан жарып салынған тас жолдың асфальты жыл сайын сапасына аса мұқияттықпен қарап салынса да, көктем шыға асты ойдым-ойдым жарылып қопарылып, жөндеуді қажет етіп тұратындығы ауыл әкімшілігінің бірден-бір түйткілді мәселесіне айналған. Әкімді сыртынан табалап, жемқор деп жазғырғандардың сөзі өтіп, тексерістер жиілеп, бірнеше әкім ауысып та үлгерді. Бірақ жол жылда қар кете шұрық-шұрық тесіліп, шұңқырланып жатқаны…
Біраз уақыттан бері халық арасында «жолаушылардың жоғалуына бірден-бір себеп – осы гүлді алқап, сол маңнан жүрсең, жер жұтып алады» деген қауесет тарап, тұрғындардың зәресін ұшырып, көпшілік кешкісін жол жүруден қалған еді. Бастапқыда некен-саяқ кешқұрым жүрген еркектер жоғалса, кейін күндіз жолға шыққан ер адамдардың да себепсіз ғайып болып кетуі орын алған. Көпшіліктің бұған сенгісі келмесе де, жоғалғандардың жиілеуі халықтың наразылығын тудырып, полицияға арыз түсіп, іздестіру шаралары да ұйымдастырылған болатын. Алайда қомақты жұмыс атқарылса да, нәтижесіз қалды, «мұның мәнін қайтсем де табамын» деп жігерлене іске кіріскендердің талайы хабарсыз жоғалып кетті.
Ауыл білгіштерінің пайымдауынша, «қызыл гүлдің қауызы ашылған кезде жан-жаққа таралатын жұпар иісінен қауіптену және тікенектері денеңді сырып, жарақаттанып қалудан сақтану керек». Ол алқапқа күштеп айдасаң да, ешқандай мал аяғын баспайды екен, тіпті үлбіреп көз қызықтыратын жапырақтарын да аузына алмайтынын бақташылар байқапты. Содан бері малды жайылымға шығаратын өрісті өзгертіпті, үлкендер бұл алқаптан аулақ жүруге ұйғарым жасап, бала-шағаға олай қарай жақын жоламауға кеңес берген екен.
Бірақ жастардың кейбіреулері бұған салғырт қарап, күнделікті күйбеңдерімен жолға алаңсыз шыға беретін еді. Жақында шаңырақ көтерген Мейрам мен Гүлбақыт та қалаға жету үшін жолға таңертең шықпақ болса да, сәскеге қарай ғана реті келіп, ауылдан шығаберістегі қалқаймаға беттеді.
Айнала тым-тырыс, қызғылт гүл жайлаған қара жол жиегінде сөмкесін арқалап, Гүлбақыт алыстан машинаны күтіп әлі тұр. Алаңсыз жол жаққа қарап тұрған ардақты жарына сыртынан сүйсіне көз салып, ауылда өскен жеткіншектер сындырған аялдамадағы орындық қаңқасының үстіне күйеуі Мейрам жайғасып алған. Бір адам ғана отыруға мүнкіндік болғандықтан, келіншегі тұрып жол күтуді жөн көрді. Жүргеннен шаршауы тез күйеуінің бұл сапарға құлқы әуелден болмай,