Ануар Кошкарбаев

Қызыл көктем зауалы


Скачать книгу

Ал қасындағы қыз жүргізушіден айнымайды, тура сыңары дерсің, түр-тұрпаты бір-біріне қатты ұқсайды екен. Екеуі егіз секілді. Бірдей сылқ-сылқ күліп, кеудесіндегі жанын бүрістіріп, оны аңырайып ашылып қалған аузынан бірден суырып алатындай болды.

      – Тоқтатыңдар, сыртта әйелім қалып қалды! Сендер өзі кімсіңдер? – деп, не болғанын түсіне алмай, есін тезірек жиюға тырысып, оның сөзіне мән бере қоймаған жүргізушінің рульді ұстаған қолына жармасып, машинаны тоқтатқысы келді.

      – Әй-әй, қой, мынадай жылдамдықта тоқтасам, өлесің. Тыртыңдамай, жайыңа отыр. Кеш түсе жетерміз, әпке, отыра бермей, әндете баста! Сапарымыз көңілдірек болсын, – деп, жүргізуші қыз оған қылмия зекіп, қара моншақ көздерімен күлімдеген сыңай танытып, жүйткуін жалғастырды.

      Мейрам абдырап қалды, жүргізуші қыздың көлікті тоқтатуға құлқы жоқ, бір пәлені тындыруды көздегені анық болды. Фархаттың да қалай мұнда отырғанын ол ұға алар емес. Оның ескі көлігі бұзылып қалды ма екен, не істеуім керек деген оймен отырғанда арттағы қыз басын адамға тән емес кейіппен бұраңдатып, айналдыра бастады. Тоқтамай шыққан күлкісі де Мейрамның үрейін ұшырып, есікті ашып, секіріп кеткісі келді.

      Сол мезетте артқы орындықта отырған қыздың мойны кенеттен ұзарып, еріндерін оның сол құлағына жақындатып, түбіне тақап, сыңсып әндете бастады. Оның әуені жағымсыз әсер еткені соншама, Мейрамның миына тебен ине сұққылағандай болды. Оны бірден қағып жіберу үшін оқталып қолын көтерейін десе, орындыққа желімделгендей ырқына көнер емес. Қолдарын өз ырқына көндіре алмай, лажсыздан көзіне жас келсе де, райынан қайтпай, қатуланып, құтылуға талпынысын тоқтатпады. Бірақ қаншама қайраттанса да, бар күшін салып, өзіне қарай тартса да, орнынан қозғалу мүмкін болмады. басталған әнді басқалай қалайша тоқтатуға болатынын білмей, ол жан ұшыра айғайға басты. Сол кезде дереу қол-аяғы босап, орнынан атып тұрып, жүгіре жөнелді…

      Маңайынан жаңағы ақ түсті көлік те, қылмиған жүргізуші қыз да, артқы орындықтағылар да бірден ғайып болды. Асфальт жолды жағалап жүгіріп келеді, өңім бе, әлде түсім бе деп, не болғанын түсіне алмай, сол баяғы қызыл алаңда жүргенін аңғарды.

      Бір кезде алыстан таныс дауыс, әйелі Гүлбақыттың шыңғыра жылаған айғайы жетіп, ол артына көз салды. Сөйтсе, ол қуып жете алмасын біліп, айғайға көшкен сияқты. Не болғанын түсінбей, өз ісіне өзі таңырқап, Мейрам тұрып қалды, басы мең-зең.

      Гүлбақыт болса оны қуып жетіп, бетінен шапалақпен бір салып, өксігін баса алмай тұрса да, өшіге қарады.

      – Ей, сен! Жынданайын дегенсің бе? Қалаға барарда емес, үйде ерігіп, танауыңды шұқылап отырғанда жынданшы! Сенің анаң ертең мені кінәлайды ғой, сен бәлеге ұшырасаң!

      – Гүлбақыт, мен шошып кеттім, – мұның дауысының дірілінен әйелінің ашуы шамалы басылып, ол не істерін білмей, аң-таң қалды.

      – Аялдамада жатқан жеріңнен бар дауысыңмен айғайлап, атып тұрып, жол бойымен жүгіргенің не, шайтан түртті ме сені? – деп, оған жақындап, әйелі иығынан қолын асырып, құшағына алып, жұбата бастады. – Түсіңде не көрдің