Ануар Кошкарбаев

Қызыл көктем зауалы


Скачать книгу

Гүлбақыт інісін желкесінен түйіп жіберді. – Мен осы қалаға жолға шыққанда сен екеуің өздеріңді дұрыс ұстаңдаршы! Жездең анау, шошып оянып, қышқыра айғайлап, айдалаға қаңғалақтап жүгіріп, әрең тоқтаттым. Сен болсаң жолда ұйықтап… өле алмай жүрген секілдісіңдер ғой! Ертең сөздің бәрі маған тиеді!

      – Гүлбақыт, айтсам, сенбейсің, бірақ Мейрамның айғайын мен де естідім. – деп, інісінің қорыққаннан жүзі ағарып, көзі бадырайып, абдырап отырғанын сезді.

      2-бөлім

      Көктем ауруы

      – Әрине, бар күшімен, оны сойып жатқандай шыңғырды ғой, – деп, тағы да оны желкесінен дүңк еткізіп түйіп жіберді де, артта жатқан күйеуіне Гүлбақыт алара бір қарады.

      Бұлардың арасына түспей, қалаға дейін біраз дамылдап алмақ болған Мейрам үндемеді. Келіншегінің сөмкесін басына жастанып, жайланып жатқаны сол еді, кірпіктері бір-біріне қабысып, тұңғиық тылсым оны өзіне бірден тартып әкеткендей болды. Еміс-еміс Фархаттың кейбір сөздері ғана құлағына жетіп жатты:

      – Мен оның дауысын ана екі қыздың көлігінде қозғала алмай жатқан кезімде естідім. Қасымда отырған қыздың сызылта ән салған дауысы қазірдің өзінде құлағымнан кетер емес, – деп, сөзін аяқтамастан, Фархат та есінеп, ұйқы әлеміне көшуге ыңғайланды. Сол-ақ екен, кенеттен екеуі де әлгі екі жалмаңдаған қыздардың қасынан тұп-тура шыға келді…

      Фархат артта, ал Мейрам алда – әлгіндегі қалпына түсті: екеуінің де түйсігі ояу, бірақ қол-аяқтарын қозғалта алмайтын күйде, айғайлауға да қауқары жетпейтін сияқты… Мейрам барын салып, машинаның есігін ашқысы келіп, көмек сұрап айғайға басты. Ақыры есік те ашылмай, олардың дауысы да ешкімге жетпеді.

      Жүргізуші қыз болса оның иегінен ұстап алып, түрткілеп ойнай бастады.

      – Жұп-жұмсақ болбыраған бетін-ай өзінің… – деп, бетін жанап өткен саусақтары тастай суық сезіліп, су жыланының терісіндей ылғалданып тұр екен.

      – Жібер! Жібер! Босатыңдар мені!

      Алайда жолдың екі бетінде самал желмен толқындай тербелген алқызыл гүлдермен көмкерілген көктемгі дала екеуінің де санасын біртіндеп жаулап ала бастаған сияқтанды. Қызыл атырапты қақ жарып төселген, гүлдердің түсімен және күннің ыстығымен астасып қызғылттанған асфальт жолмен жүйткіп келе жатқан көлік болса жылдамдығын тек үдете түсті…

      – Фархат! – деп өңінде өздігімен жүріп келе жатқан машинаның ішіндегі Гүлбақыт қанша айғайласа да, рульді ұстаған күйі ұйқыға кеткен бауырының оянатын түрі жоқ. Фархаттың қолы рульді тіке бағыттаған қалпында қалғандықтан, машина алға тоқтаусыз жылжып келеді. Көліктің жылдамдығы баяуласа да, алдағы бұрылыста жолдан шығып кететіні анық. Мұндай жағдайда бірінші рет қалған Гүлбақыт не істерін білмей, дереу өз жағындағы машинаның есігін ашып жіберді. Бәлкім, жол апатына түсуден қорыққаны болар, алайда сыртта зулап өтіп жатқан гүл алаңына қарап, ойсыз шешімінен сол мезетте бас тартты. Арандай ашылған есіктен жел гулеп, қызды жұтып, өзіне тартқылай бастады. Сылқ етіп сыртқа шығып кете жаздап, сол қолымен әрең ұсталып, секіріп