күйеуіне жүкті екенін айтуға асықпады. Екі-үш күн бұрын арнайы тестілеуден өтіп, оның нәтижесін де сөмкесіне салып алған еді. Бірақ неге екенін өзі түсінбесе де, тестінің қателескеніне сенімді болып, іште баланың жоқтығын анықтау үшін осы сапарды ұзақ күткен. Ауылдағы медбикенің айтуынша, баланың бар екенін не жоқ екенін қанға сараптама жасау арқылы дәл білуге болады. Оған дейін әйелі тіс жармай, жүрек астында өмірдің пайда болғанына сенбей, бас ауруын сылтауратып, күйеуін өзімен ертіп шыққан.
Өр мінезді әйелінің жылағанын көріп, өзінің қателігін түсінген ер жігіт тілін тістеп, оның денсаулығына алаңдай бастады. Оның не жасырып, дәрігерге бармақшы екенін білмеген соң, ішінен одан айырылып қаламын деген үрей де туындады. Ашуы басылып, Мейрам Гүлбақытқа басқа көзбен, сүйсіне қарады. Ұзын шашын екіге жарып, әдемілеп өрген қос бұрымы қыпша белін бойлай салбырап, төменгі ұшы шашырай желмен желбіреп, қалаға деп арнайы киген маржандай жарқыраған ақшыл көйлегіне жарасып тұр. Көркі көктемгі даланың жұпар иісімен астасып, ерніне жаққан қызыл далабы онсыз да сұлу келбетін одан сайын әрлей түскендей. Төскейге көтерілген күннің нұры да сүйікті зайыбының ажарын әсемдеп, қараған адамның назарын лажсыз өзіне аударатындай әсер қалдырады. Әйелімен салыстырғанда қара шалбар мен қара жейде киген Мейрам анағұрлым жұпыны көрінді. Күннің көзінен қалқайманың астын паналаған оған темір орындықтың үсті жағып, біраздан соң Мейрам жантайып, көзіне ұйқы тығылғандай болды.
– Фархатты көрсең, оятарсың… – деп, балдызының жөнсіз кешіккеніне бұлданғанын тежей алмай, әйелін сөзбен бір шымшып өтті.
Күткендеріне жарты сағаттан асты. Маңдайдан аққан тер астындағы асфальтқа тамып, пыш-пыш етіп лезде кеуіп кетуде. Келіншегі болса қабартқан күйінен әлі арыла қоймаған.
«Осы неге бүгін қалаға шығуымыз керек еді? Бас ауырды, дәрігерге барамын деп, таң атқаннан бастап дуылдап, ақыры енді жол тосып отырмыз. Құрбылары бәрі жұмыста. Іші пысып, жұмыс таба алмай жүрген – менің жарым ғана. Арқасына қарасаң, ол да күнге қарылып, аққан тері белшесіне дейін жетіпті. Обал жоқ». Мейрамның шыдамы сарқылуда. Өзі де аса жұмыскерлігімен айрықшаланбаса да, ол жатып алып, әдеттегідей төңірегіндегі елді жамандауға бейім еді. Бірақ Мейрам қанша ішінен кіжінгенімен, жарының сұлулығына тәнті болып, оны ренжіткісі келмейтін. Ал ол болса оған мән бермей, қолындағы сөмкесінен кішігірім парақты қолына қайта-қайта алып, тексеріп, орнына салып қоюда.
Шыжи түскен күннің көзінде тұрғандарына біраз болса да, намысқа тырысып, серейіп жол күткен Гүлбақыттың қақайған күйінен қайтар түрі жоқ. Оған сүйсіне қарап отырған Мейрам уақыт өте оны орынсыз жазғырғаны үшін кешірім сұрағысы келіп, әйелін аяп, орнынан тұрды. Бірақ үйленгендеріне үш-төрт айдай болса да, әуелгі қызбен сөйлесуге шорқақтығынан әлі арыла алмаған ол бірден не айтарын білмей, жай ғана көзін көлеңкелеп тұрған келіншегінің қолын алып, өзіне қарай тартты.
– Ей, не істемексің?
– Кел,