қарамай, Байлы («Байұлы» емес) рулары «Әлім–аға баласы» деп Қаракесекті құрметтеуі несі? Осыған қарағанда, көшпенділер о бастан «жол ұстау» (заңға бойұсыну) билігіне тәнті болған. Әйтпесе өмірде қаншама аға-іні өтпей жатыр?!».
Бұдан шығатыны, егер Қайырбай жарлы емес, қарашаңырақ иесі болса онда оған таңылған Қаракесек ныспысының сыры неде жатыр деген сауал туары анық. Біздіңше бұл атау кедейлік түсінігімен негізделмеуі керек. Мұны біз біреулердің кезінде үстірт ойлап, жаза салған ұшқары байламынан туған ұғым деп санаймыз. Бұған жауапты біз өмір, тұрмысымыздың басқа бір құбылыс, жайттарынан іздестіріп көруіміз керек тәрізді. Мәселен, лингвист ретінде мен Қаракесек атауын қысқартылып алынып, ауыспалы мағынада берілген сөз деп санаймын. Тілімізде осыған ұқсас –кесек дүние, –кесек денелі, –кесекті образ, –кесек бітімді, кесекті толғау секілді ежелден қолданылып келе жатқан толып жатқан метафоралық, теңеу сөз тіркестері бар. Кесек сөзі кедей сөзінің баламасы екен деп, жоғарыда келтірген ұғымдарды, өзіңіз ойлап қараңыз, енді –кедей дүние, –кедей денелі, –кедей образ, тағысын тағы солай деп қабылдай алмаймыз ғой. Бұл білімсіздік, ағаттық болар еді.
Біздіңше, кесек мағынасы түптеп келгенде жердің қара кесегін емес, толыққанды, нағыз, құраушы, сомдаушы деген ауыспалы түсініктерді береді. Осыған орай мұндағы қаракесек сөзін қара+шаңырақ+кесегі , яғни оны көтеруші, тіреуші материал, қысқасы оның иесі деп түсінген жөн. Тек айтуға жеңіл болу үшін жүре келе ауызекі тілде шаңырақ сөзі түсіп, қысқартылып қалған дер едік. Қисынсыз дей алмайсыз, өйткені тілімізде мұндай қысқартылған формада берілген ауыспала сөз тіркестері баршылық. Әрине мұның бәрін біздерге әлі де жеткізе зерттеп, зерделеп берер арамыздан әлі талай зерттеушілер шығарына сенім мол.
Ал Ұланақтың қалай қаракесек атауын алып, қарашаңырақ иесі болғандығына келер болсақ, мұны растар деректі біз қаракесек ақыны Қанатбай Елеусізұлының мына өлең жолдарынан табамыз:
Айтайық Қаракесек–
Ұланақты,
Атаның бауырында өсіп
бұла бопты.
Қария жас әйелден
бала көрмей,
Әлімнің бір баласын
сұрап апты.
Осыған орай Ұланақ ұрпақтары Әлімұлы кестесіне қарашаңырақ иесі ретінде Қайырбайдың «Қаракесек» атымен еніп, талас жоқ, оның әулеттегі құқықтық, құзырлық күштерін де иемденіп, сөйтіп дәстүр бойынша сонау кездерден бүгінге дейін жолдарын Әлімдікінен де үлкен деп санап жүргендері белгілі. Біле-білсек бұл да қисынды тұжырым. Жай емес, дәйекті тұжырым.
Тағы бір айтайын дегеніміз, шежірелерді қарап отырсаңыз, кейбіреулерінен бір-біріне қайшы келетін мәлімет, дерек тұстарын кездестіріп қаласыз. Біз ондайда