(Қызылорда) маңын мекендейтін көрінеді. Ал Ташкент төңірегін қоныстаушылары өзбектердің құрамында еніп кеткен. Бұлармен қатар аты ауызға сирек алынып жүрген топтың бірі – Баршылық руы. Олар VIII ғасырда Орта Азия жеріне Қорасандық Шайбан шаһпен еріп келген парсылар көрінеді. Олар Сырдария, Ташкент, Жизақ маңына қоныстанған көрінеді.
Солар секілді құлаққа таңсық естілер рулардың бірі– Маңғытай руы. Бұлар ноғайлының маңғыт руы мен Саңғыл бастаған қытай жұрты сынығынан XIV ғасырда топтасқан ру екен. Шамалы жұрты Қоңыраттарға да сіңіп кеткен көрінеді. Оған аты ұқсас тағы бір рулы ел – ол моғолтайлар. Үндістанда билік еткен барлас руынан шыққан әйгілі түрік Бабырдың Моғолстан қағанаты құлағаннан кейін оның қазақ жеріне қоныс аударған шамалы жұртын жергілікті халық кейін келе моғолтайлар атап кетіпті.
Осындай жұрттың санатына жататындардың бірі–Көлеген руы. Қолөнері, егіншілік, мал шаруашлығымен қатар айналысатын олар ертеректе Сығанақ өңірін жайлапты. Қазір Түркістан, Шымкент, Жаңақорған, Арыс маңын қоныстанған көрінеді. Олар сонымен қатар көршілес өзбек, қарақалпақ халықтарының құрамында да кездеседі екен.
Ендігі бір ірі, ел арасына кең тараған, аты құлақта жүрген рулы жұртқа Сунақ тайпасын жатқызуға болады. Олар наймандардан өрбитін, жоғарыда атап кеткен Дүрмән-Барлас руының бір тармағы көрінеді. XV ғасырдың бас кезінде олардың Әбілғазы имам бастаған бір бөлігі Сығанақ қаласына келіп, табан тірейді. Онда ол өз қаражатына мешіт-медреселер салғызып, ел арасына ислам дінін насихаттап, емшілікпен де айналысыпты. Жергілікті сарт (соғды) халқы оны өз тілдерінде Сунақ (қарапайым жан) әулие деп атап кетеді де, оған еріп келген жұртты да кейін оның осы лақап атымен байланыстырып сунақтар дейді.
Бірақ бір айта кететін жайт біз Сайдаққожа Жүсіпұлының осы еңбегінде (Жүзге кірмейтін қазақ рулары."Ана тілі" газеті. 15.04 2005 ж. 5 б.) Орта жүздің құрамында бар қыпшақ, қоңырат, тарақты руларынан кезінде оқшауланып, бөлініп қалған олардың осы аттас сынықтарын жүздерге қосылмайтын рулар деп ерекшелеп атауына әрине қосыла алмаймыз. Қисыны жоқ сияқты. Қазақ елінің қай түкпірінде жүрсе де, қай жерін мекендесе де оларды о баста өздері бастау алатын басты рулардан бөлектеп, жүздерге кірмейтін топтарға жатқызатындай не бар десеңізші. Олар бәрібір сол баяғы бір қыпшақ, бір қоңырат, бір тарақты емес пе деп бұл турасындағы әңгімемізді тамамдағымыз келеді.
ЖЕҢГЕ, КЕЛІНДЕР МЕН КҮЙЕУ БАЛАЛАР ХАҚЫНДА
Бұл аталған қос жүз бен жүзге кірмейтін рулар тобы ішінде, жоғарыда атап кеткендей, құда-жекжаттарымыз, нағашыларымыз, шешелеріміз бен үлкенді-кішілі жеңешелеріміз, келіндеріміз бен күйеу балаларымыз, араласып жүрген етене жақын жора-жолдастарымыз көп болғасын артықтық етпес деп жазып отырмыз. Мәселен, әулетіміздің 5 келіні: Фатима, Еренкүл, Күлия жеңешелеріміз бен біздің үйдегі Сәуле мен Жарқынбек бауырымыздың шаңырағындағы Айгүл келіндеріңіз сиқымның аққойлы, қарақойлыларынан. Шешеміз Мейрамкүл