Нұрлан күні кешелері күрестен "Қазақстан барысы" атағын жеңіп алған Айбек Нұғмаровтай айтулы палуан шыққан көне найман руының ұл-қыздары екендігі белгілі. Есдәулет құда Терістаңбалы, Сарыжомарт, Төлегетай деп аталатын үлкен үш рудан тұратын найман елінің соңғысынан бастау алатын әйгілі қаракерей Қабанбай батырдың інісі Байжігіттен өрбісе, Айгүл құдағи осы Төлегетай ішіндегі Қаракерей інісі Мұрын ұрпағынан тарайды. Баис бауырымыздың күйеу баласы Берік белгілі сәмбет руынан, Шәдек ағам әулетіндегі қарашаңырақ иесі Бек ініміздің үйіндегі Айгүл келін ұлы жүздің қапалынан. Ал Шүкір бауырымыздың ұлдары: Алмаздың келіншегі Айткүл жүзге кірмейтін төлеңгіттен, кішісі Азаматтың келіншегі Динара орта жүздің керейінен.
8 бөлім
КІШІ ЖҮЗ БЕН ӘЛІМҰЛЫ ХАҚЫНДА
Әлқисса, әулетіміз де, өзіміз де ру-тайпаларының бірінен тарайтын болғандықтан, ендігі әңгімеміздің арқауы кіші жүз жөнінде болмақ. Соған кеңірек тоқталайық.
Жоғарыда «Кіші жүздің» алшындардан тұратын 3 топ: Әлімұлы, Байұлы, Жетірудан тұратындығын айтып кеттік. Байұлы: Адай, Алтын, Жаппас, Алаша, Байбақты, Беріш, Есентемір, Қызылқұрт, Шеркеш, Ысық, Таз, Масқар деп аталатын он екі атадан тұрады. Оларды Он екі ата Байұлы деп атайтындығы да содан (Қазақ Совет энциклопедиясы. Алматы. 1975 ж. Кіші жүз. 6 т. 192– 193 б.б.). Осы ретте ондағы қос ата Алтын, Жаппасты ел арасында қосып Алшын–Жаппас деп атайтындар бар. Өз алдына жеке Алшын деген ру жоқ. Бұл жөнінде алдымызда әлі әңгіме етеміз. Сөзіміздің бас жағында айтып кеткенбіз, шежірешілер де, тарихшылар да бүкіл кіші жүзді алшын деп атайды. Олардың аузында жиі айтылатын "Ұлы жүз–үйсін, Орта жүз–арғын, Кіші жүз–алшын" деген қанатты, қағидалы сөздер де содан қалған (Қазақ Совет энциклопедиясы. Алматы. 1974 ж. Жүз. 4 т. 520–521 б.б.).
Он екі ата Байұлының Байбақтысынан өрбитін Әлтекенің Қалматайынан зауытымыздың іргетасы мен кесегі енді қалана бастаған сонау 1976 жылдан бері 40 жылдай, демек бір азамат ат жалын тартып мінердей уақыт үзбей жұмыс істеп, оның Конструкторлық-жобалау бөлімін табысты басқарып келе жатқан біз білетін Қыдырғали Аманғалиұлы Темірғалиев тарайды. Еселі еңбегі үшін бірнеше рет облысымыз бен компанияның мақтау грамоталарымен, ал 2014 жылы үкіметіміздің «Еңбек ардагері» деген құрметті медалімен марапатталған ол зейнет жасына жеткеніне қарамастан әлі күнге дейін арамызда жұмыс істеп келеді. Таңаткүл екеуі 2 қыз, 1 ұл өсіріп, ата деп мойнына асылар 8 немере тәрбиелеп отырған жандар. Ал онымен бірге істейтін, ендігі ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып үлгерген Серік Тоқашұлы Ақұпов Он екі ата Байұлының адайынан тарайтын еңбегімен елеулі іскер түлек.
Ал Жетіру: Табын, Тама, Кердері, Жағалбайлы, Керейіт, Тілеу, Рамадан деп аталатын жеті атадан тұрады. Еліміздің әнұранын жазған, халқымызға кең танымал, атақты әнгер, сазгер Шәмші Қалдаяқов