лагерьлер орнатқан. Шекара бойындағы мұндай бекіністерін римдіктер «лимес» деп атаған. Алайда лимес адам өтпес қамалға айналған жоқ. Жылдар өткен сайын германдар мен римдіктердің қарым-қатынасы күшейе түсті. Лимеске жақын қоныстанған жекеленген герман тайпалары римдіктердің бірсыпыра әдет-ғұрыптарын ұстанатын болды. Римдіктер кейбір герман тайпаларын әскери қызметке шақырды. Германия үшін римдіктер, Рим мен оның провинциялары, германдықтарға белгісіз және құпия ел болып қалған жоқ.
Лимес ғасырларға кететін қорған құсап көрінген. Бірақ ІV ғасырдың соңы мен V ғасырдың басында империя мен варварлар күшінің арасалмағы тез өзгере бастады да, шекара жойылып, лимес құлады.
ІV-VІІ ғасырлар аралығын «Халықтардың ұлы қоныс аудару» уақыты деп атайды. Осы уақыт аралығында герман тайпалары жүздеген жылдар бойы жайлаған өлкелерін тастап, жаңа жерлер жаулап алуға аттанды. Еуропаның картасы танымастай өзгерді. Шапқыншылықтың толқыны Батыс Рим империясын жойып жіберіп, орнына германдардың корольдіктері пайда болды. Ұлы Рим империясы құлап, Еуропа орта ғасырларға аяқ басты. «Халықтардың ұлы қоныс аударуына» бірден-бір себепші ғұндар мен готтардың қысымы болды. Ғұндар белгісіз себептермен Қытаймен шекаралас Азия даласын тастап, мыңдаған шақырым жолмен Батысқа қарай жылжыды. 375 жылы ғұндар сол кезде Рим империясынан тыс Қара теңіздің солтүстік жағалауында тұратын германның гот тайпасына шүйлікті. Готтар тамаша жауынгер болғанымен, ғұндар ордасы олардың тез-ақ ұйқы-тұйқысын шығарды. Готтардың бір бөлігі остготтар ғұндарға тізе бүкті. Ал екінші бөлігі вестготтар Римнің шекарасына қарай шегінді. Ондағы мақсаттары Рим қандай шарт қойса да бағынып, бұрын құлағы естіп, көзі көрмеген жауларынан халқын аман сақтап қалу еді. Римдіктер готтарды қабылдады, бірақ шекара маңынан ең құнарсыз аз ғана жер берді. Вестготтардың шыдамы көп ұзамай таусылды. 378 жылы Адрианополь қаласының маңында вестгот тайпаларын император Валенттің өзі басқарған Римнің таңдаулы армиясы қарсы алды. Осы шешуші соғыста Римнің таңдаулы армиясы вестготтардан жеңілді. Адрианополь айқасынан кейін империя есін жия алмады. Кейінгі соғыстарда Римді жалдамалылар қорғады. Олардың көпшілігі германдар еді. Герман тайпалары ақыны көп алып, Рим шекарасын өзге герман тайпаларынан қорғап тұруға келісті. Дегенмен жалдамалылар Рим әскерінің бұрынғы қуатын қалпына келтіре алмады.
Ганнибал заманынан кейін Рим қабырғасының арғы жағынан жат елдің әскерін көрмеген еді. Одан бері өткен жүзжылдықта Рим ежелгі ұлы мемлекеттің астанасы болды. 395 жылы Рим империясы бөлінгенде батыс бөлігі тиген император Гонорий әлі жас болғандықтан, басқарудың ауыртпалығы оның қамқоршысы, қолбасшы Стилихонға түсті. Стилихонның өзі германның вандал тайпасынан шыққан еді, бірақ ол варварлардың шабуылын жан аямай тойтарып отырды. Стилихонға варвар ретінде сенбеген Гонорий оны өлтіруге бұйрық берді.
Стилихон өлгеннен кейін варварлардың басып енуінен Рим қорғанысын басқаратын