name="not_supported_in_fb2_underline">www.britishmuseum.org
АШЫҚ ҚОР САҚТАУ – музей қорындағы бірегей, аса қымбат заттардың біріңғай бір залда экспозициялануы, музей қорыныңың жаңғыртылуының бір формасы, музей мұраларына деген келушілердің қолжетімділігін кеңейту. А. қ. с. орындары музей қорларының сақталуын қамсыздандыру мақсатында, арнайы қор сақтау орны ретінде сейфтің және cөрелердің қызметтерін қатар атқаратын экспозиция. Қорды таныстыру барысында жекелей экспозициялық әдістер пайдаланылады. Ашық қор экспозициясына аса сапалы қорғаныс шаралары, лазерлік, дыбыстық сезгіштер, брондалған әйнектер, камералық қондырғылар орнатылады. ҚРМОМ-да «Алтын залы» А. қ. с. түрінде жұмыс жасайды.
АХМЕТ БАЙТҰРСЫНОВТЫҢ МУЗЕЙ-ҮЙІ – қоғам қайраткері, ақын, ғалым Ахмет Байтұрсыновтың өмірі мен шығарм. жолына арналған, мәдени-ғыл. мекен-жай. Музей Алматы қ-ндағы А.Байтұрсынов пен Жамбыл көшелерінің қиылысында орналасқан. Бұл үйде А.Байтұрсынов 1934 жылдары тұрған. Мемл. деңгейде құрылған арнаулы комиссия шешімімен музей-үй бұрынғы қалпына келтірілді. 1998 ж. А.Байтұрсыновтың туғанына 125 жыл толуына орай музей-үй күрделі жөндеуден өткізіліп, құрылымы, сәулеттік сыртқы пішіні, ауласы бұрынғы қалпына келтірілген. Музей-үйдің бөлмелерінде орналастырылған заттардың көбісі жақын-туыс жанашырларынан алынған. Онда А.Байтұрсынов өміріне байланысты архивтік материалдар, түрлі құжаттар, қолжазба мұралары, фотосуреттер, сирек кездесетін кітаптар қойылған. А.Байтұрсыновтың тұрмыс-тіршілігі мен шығарм-на байланысты жиһаз-бұйымдар мен құжаттардың бір тобы Торғайдағы музей-үйінде сақталған.
«ӘЗІРЕТ СҰЛТАН» ҚОРЫҚ-МУЗЕЙІ, Әзірет Сұлтан мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі – тарихи-архитектуралық кешен. Ақын, ислам дінінің көрнекті жаршысы, «Екінші әулие», «Түркістан пірі» атанған ғұлама Қожа Ахмет Иасауи (Әзірет Сұлтан) құрметіне арнап Әмір Темір салдырған кесененің (ханаканың) негізінде Оңт. Қазақстан обл. Түркістан қ-нда 1991 ж. ашылған. Бүкіл түркі жұртының, мұсылман қауымының қадір тұтатын киелі орны. Орталық Азияның ортағасырлық сәулет өнерінің аса көрнекті туындысы Қожа Ахмет Иасауи ханакасының құрылысы 14 ғ-дың ақырында салынған. 16 ғ-дың басында Әбу-л-Хайр Фаззлаллаһ ибн Рузбехан «Бұхара мейманының жазбаларында» Қожа Ахмет Иасауи ханакасын: «әлемде салынған ғажайып ғимараттар мен адамзат баласының керемет туындыларының бірі» деп бағалады. Кесененің тұрғызылғаннан бергі қиын тағдыры қазақ халқының тарихымен тұтасып кеткен. Әзірет Сұлтан ханакасының төңірегіне Жолбарыс хан, Есім хан, Абылай хан, Қасым хан, Әмір Темірдің шөбересі Бабыр хан, Қаз дауысты Қазыбек би, Жәнібек батыр т.б. белгілі адамдар жерленген. 1864 ж. маусымда Кенесары ханның батыр ұлы Сыздық сұлтан қорғап тұрған кесенені Ресей ген. Черняевтің (полк. Веревкин басқарған) әскерлері зеңбірекпен атқылады. Әзірет Сұлтан мешітін исламның Қазақстандағы басты орталығы ретіндегі діни қызметіне тосқауыл қоюға ұмтылған кеңестік тоталитаризмнің әрекеттері де діттеген мақсатына жете алмады.