көптеген салт-дәстүрмен бірге ұлттық сана да өзгеріске ұшырай бастады. Яғни, салиқалы сөз айтатын үрдіс бірте-бірте ұмытылып, ұлтымызға жат саналған ішімдік сусыны дастарқан сәнін кетіре бастады. Осының салдарынан ұрпаққа тәлім-өнеге беретін бұрынғыдай шежіре әңгіме айтушылар қатары сирей бастады. Аға буын мен жас ұрпақ арасындағы тағылымды қарым-қатынас бірте-бірте үзіле бастады. Сол бір аласапыран кезеңде атам заманнан келе жатқан керемет дәстүрлердің көбі құрдымға кетті. Бұл ұлттық тәрбиеге орасан соққы, үлкен опық әкелді.
Осындай жағдайдың жастарға үлкен зиян екенін, ең алдымен, қайран, аналар байқай бастады. Мені анам арақ ішетін жерге жібермейтін болды. Демалыс күндері Омар деген нағашы атама жіберуді әдетке айналдырды. Оның себебі бар. Нағашы атам дінге шын берілген, аздап молдалығы да бар болатын. Менің бір таңғалатыным: мен келгенде атам «қанша ойнасаң да, түскі және кешкі асқа дәл мезгілінде келіп іш» деген қатаң талап қоятұғын. Тамақ үстінде насихат сөздерді айтып отыратұғын. Ешуақытта өтірік айтпа, біреудің ала жібін аттама, қолөнерге үйрен дегендерді қайталаудан жалықпайтын. Өзі барып тұрған диқан және керемет ағаш ұстасы еді. Екпейтін дақылы болмайтын. Ноқат, жасымық, жүгері, тары, қонақ, бидай, күнбағыс, қауын, қарбыз, сәбіз, сарымсақ, асқабақ егетін. Және егін ішінде бірде-бір арамшөп қалдырмайтын, 40 градусқа дейін жететін оңтүстіктің ыстығында тері шалбар, тері тон киіп алып, шыжып тұрған күннің астында жұмыс істейтін. Өз еңбегінен тапқаны өздеріне жете-тұғын. Соғыс жылдары қанша тапшылық болса да, атам пысықтығынан еш қиналмай, күн көретұғын. Дастарқанды жинарда: «Е, құдай, байытпасаң байытпа, бірақта біреуден сұратпа» деп бата жасайтын. Құдайдан адал тілеген адам екен, сол тілегі орындалып, бұл дүниеден абыройлы ақсақал болып өтті. Мені құдайға, дінге сендіруді өзіне басты мақсат етті ғой деп ойлаймын. Сол кісінің ықпалымен құдайға, ислам дініне сену бала жасымнан бойыма ұялады.
Мен, 1949 жылы ҚазМУ-дың философия факультетіне келіп түскенде, осы бір қасиетті ұғымдар менің санамда әлдеқашан қалыптасқан еді. Біз бірінші курста елу студент болдық. Қазақстанның түпкір-түпкірінен келгенбіз. Сөз саптауларымызда айырмашылық бар. Арқаның жігіттері бізді «өзбексіңдер» деп сөгетін. Шалбарды – сым, тамақты – ауқат, таңертеңді – азан дейміз. Тағы басқа сөздер де көп. Ұлытаудан келген Ниязбек Сайткенов деген досым мені мазақтап, «азанмен тұрып, сымымды киіп, ауқат іштім» дейтін. Сол Ниязбекпен пікір алысып жүргенде, ол менің құдайға, ислам дініне сенетінімді байқап қалды. Бір күні маған былай деді: «Менің ойымша, сен құдайға, дінге сенетін сияқтысың. Біріншіден, сен қай жерге оқуға түскеніңді білмейтін болуың керек. Бұл факультетте марксистерді, құдайға сенбейтін атеистерді дайындайды. Егер де бұл көзқарасыңнан қайтпасаң «есің барда еліңді тауып» басқа факультетке ауысқын. Мысалы, химфак, матфак сияқты факультетке. Екіншіден, сен құдайға сенетініңді ешкімге сездірме. Біліп қойса, университеттен шығып кетесің», – деді.
Қатты