жаға ұстатар жақтарын көрседе көрмеген болады. Сондықтан қай қоғамның болсын дұрысы мен бұрысын теңдей саралау – қоғамдағы көптеген келеңсіздіктердің алдын алады. Өткеннің жақсысын алып, жаманынан «сабақ алуға» жәрдемдеседі.
Шын мәнінде, Қазақстан үшін, қазақ халқы үшін Тәуелсіздік аспаннан түскен сый емес. Халқымыз бодан күннен осы бостандыққа ұзақ уақыт зарығып жетті. Бұл жолда еліміз аз қиыншылық көрген жоқ. Сондықтан оның баянды болуына атсалысу – әрбір қазақтың қасиетті борышы. Ал Тәуелсіздік шынайы демократия жолдары арқылы ғана қалыптаса алады. Сонда ғана халық оның жемісін көреді. Оған жету үшін авторитаризмнен құтылу керек. Мұны «ашық қоғам» дейді. Қазіргі айтылып жүрген пікірлердің көбінде біржақтылық басым. Шын мәнісінде әкімдерді тағайындау арқылы да демократия орнатуға болады. Тек қоғамда не болып жатқанын жасырмай айтып отыру керек. Барлық меншіктің иелері кімдер? Олар бұл меншікті қалай иеленді? Шығарылған байлық қанша? Одан мемлекетке қанша пайда келді? Әрбір қазақстандық өз табысы туралы декларация жариялауы керек. Егер халық жоғары билікпен тығыз қарым-қатынаста болса, шенеуніктер де сыбайлас жемқорлыққа бара алмас еді. Өйткені, қазіргі қоғамымыздағы ең үлкен трагедия – жемқорлық болып отыр.
Тәуелсіздік – халқымыздың ғасырлар бойы армандаған ең басты құндылығы. Тәуелсіздік – қазақ халқының бостандыққа ұмтылған асқақ арманы мен қайсар рухының жемісі. Сондықтан халқыма Тәуелсіз Қазақстанымыздың Көк байрағы желбіреп, тұғыры әрқашан биіктеп, Егемен еліміздің іргетасы берік болып, нығая берсін демекпін!
ҰШҚАН ҰЯМ
Жарық дүниеге шыр етіп келген сәбиде алғаш рет анасын іздейтін түйсік пайда болса, бүлдіршін болып мектеп табалдырығын аттағанда алғашқы ұстаздан ерекше мейірбандық іздейді. Шәкіртке алғашқы ұстаздың әрбір сөзі, қадамы үлгі-өнеге болады. Ол ұстаздың қимылын қалт жібермей қадағалап, ұқсап бағуға тырысады. Адамға үлкен өмірдегі өз орнын табуда отбасылық тәрбиеден кейін ұлағатты ұстаздардың ықпалы өте зор болады.
Мен 1939 жылы 1-сыныпқа Алғабас орта мектебіне бардым. Ол кезде мектепке деген көзқарас өте жоғары болатын. Ата-аналарымыз ауылда алғаш жеті жылдық мектеп ашылғанда үлкен мереке болғанын айтып отырушы еді. Бізге бастауыш сыныптарда сабақ берген Шерақмет Қалдыбаев (ботаника), Жақашов (тіл мен әдебиет), мектеп директоры Ембергенов Серікбай, Елемес Асқаровтар (физика, математика) есімде ерекше қалыпты. Олар шын мәніндегі нағыз білімді, туа бітті «ұлы» педагогтар еді.
Біздің мектепті асар жасап, колхозшылар салған екен. Оны ұйымдастырған Ырсалы Құрымбаев деген көкеміз болыпты. Кейіннен ол кісі соғысқа кетіп, содан оралмады. Өзге мұғалімдер де әскерге кетті. Сол мектептің жетінші сыныбын бітіріп, Шымкентте үш айлық курсты тамамдаған 16-17 жастағы ағаларымыз – Шалғынбай Досымбетов, Құрал Сәрсембаев, Баймұса Шыңғысбаев деген ұстаздар бізге сабақ бере бастады. Әрине, ол кісілердің білімі мен тәжірибелері шектеулі еді. Бірде Құрал ағамыз биологиядан «бір клеткалы жәндіктер» деген тақырыптан сабақ жүргізіп