Коллектив авторов

Темірбеков Садуахас. Өнегелі өмір. Ш. 35


Скачать книгу

Темірбек, мына Садуахас оқуға кетейін деп жатыр екен. Айтпайсың ба? Немене, сорлымысың? Бір қойыңды сойып, құдайы бермейсің бе? – деді ренжи сөйлеп.

      Тұрмысымыз онша мақтарлықтай емес еді. Атай әрең деп оны-мұнының басын құрап, тірлік етіп жүрген.

      – Мынау Садуахас балама батамды берейін деп ниет етіп, әдейі келдім. Осыдан басқа біздің ортамызда оқуы жақсы баланы көріп тұрғам жоқ, – деп маған қарап. – Айналайын, Садуахас, батамды саған бермегенде кімге берем? – деді.

      Атай бір тоқтыны сойды. Ол кезде қыркүйекке дейін астық жинаушы еді. Атай қырмандағы колхоз басқарма төрағасы Досалыны шақыртып алды. Тамақ желініп болған соң, үй толы кісілер есік алдына шықты. Арысбай атам мені атқа мінгізіп қойып, өзі жерде тұрып бата берді.

      Сол кісінің аруағы үшін баласы Елубайды қайда барсам да, ылғи қасымнан қалдырмай жетелеп жүрем. Екі институтқа түсірдім. Ағасының балаларын, жиендерін, бәрін оқытып бердім. Арыс қаласына нотариалдық кеңсе бастығы етіп жіберуге жәрдемдестім. Ол ары қарай өз көшін өзі сүйреп алып кетті. Ебі бар жігіт. Сөзді де тауып айтады.

      МЕНІҢ УНИВЕРСИТЕТІМ

      Ол кездерде мектепті медальмен бітіргендерге жоғары оқу орындарына түсу үшін емтихан тапсырудың керегі жоқ болатын. Әңгіме қандай мамандықты тандауда ғана. Менің ойым – химик болу. Бұл пәннен өте үздік оқығанмын. Осы сабақтың мұғалімі Хазима Батыршина апайдың ұсынысымен мектептегі Менделеев қоғамының төрағасы болып сайланғам. Бұл қоғамда екі айда бір рет оқушылардың баяндамаларын тыңдап талқылайтынбыз.

      Сонымен, химик болуға дайындалып жүргенмін. Оның үстіне мені облыстық оқу бөліміне шақырып: «Москваға түс, институтқа жіберейік. Соған бар» деп ұсыныс айтқан. Осылай болып, шешім қабылдай алмай жүрген кезде, көктем уағында «Социалистік Қазақстан» газетіне С. М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің жарнамасы шықты. Онда жаңадан «Философия» мамандығы ашылғандығы хабарланыпты. Өзім гуманитарлық пәнді жақсы көруші едім. Әсіресе, қазақ әдебиетіне деген құмарлығым ерекше болатын. Саяси әдебиетті оқуға құмарлығым да бар. Әлі есімнен кетпейді. Сол кезде 9-сыныпта оқып жүргенімде кітап дүкеніне барсам, Карпинский деген автордың «История комсомола» деп аталатын еңбегін сатып жатқанның үстінен түсіп, біреуін сатып алдым. Орыс тілінде болса да, қинала оқып шықтым. Айта кететін бірнәрсе, соғыстан кейінгі кезде саяси тәрбиеге жоғары мән беретін. Комсомолдың қатарына өткенде саяси сұрақтарды жаудырғаны есімнен кетпейді. Солардың әсері болар, «Философия» мамандығы ашылды дегенді көріп, бәрін жиып қойып соған түсуге ойым кетті. Мен Бекбосынға айтып едім, ол да солай шешкен екен. Бірге баратын болдық. Бітірген соң құжаттарымызды университетке жібердік. Көп ұзамай «Сіздер қабылдандыңыздар! 1 қыркүйекте оқуға келіңіздер» деген шақырту қағаз алдық.

      28 тамыз күні Шымкентке келсек, отарбаға билет жоқ. Сөйтіп не қыларымызды білмей жүргенде вокзалдың радиосынан «Бүгін кешке Алматыға «500-Веселый» отарбасы