жақын келетін мемлекет туралы айтылған. Идеалды мемлекет үлгісінде үш тап бар: 1) қоғамды басқаратын феодалдар 2) әскерилер 3) диқаншылар, қолөнершілер және саудагерлер. Құлдар ешқандай тапқа жатпады.
Аристотель «Никомах этикасы», «Саясат» және т.б. еңбектерінде мемлекеттің идеалды үлгісі туралы баяндаған. Ол қоғамның еркін адамдарға және құлдарға бөлінуі, ал олардың еңбектерінің ақылой және дене еңбегіне бөлінуі «табиғи заңдылық» деп таниды және шаруашылықта қолөнер мен сауда емес, диқаншылық басты рөль атқаратынын атап көрсетті. Алайда ғалымның натуралдық шаруашылық қағидаларын ұстанушылығы оның экономика және хрематистика туралы айрықша біртума тұжырымдамасында айқын көрінді.
Бұл концепция жіктеу сипатында болды, оны Аристотельдің барлық шаруашылық түрлерін екі салаға – табиғи (экономика) және табиғи емес (хрематистика) деп топтастыруы куәландырады. Оның алғашқысына диқаншылар, қолөнершілер мен ұсақ сауда-саттық жатады, оған мемлекет қолдау көрсетуі тиіс. Себебі оның салалары тұрғындардың тіршілік ету қажеттілігін қанағаттандыруға септігін тигізеді. Екіншісі ірі саудаға, делдалдық және қарызға беру операцияларына негізделеді. Бұл операциялар «ақша жинау, тұрмысты одан сайын жақсарту» сияқты пайдақорлық мақсаттарға жетуді көздейді. Аристотель ақшаны баю мақсатымен жинауды сынайды, ақшаны екі есе етіп қайтарып алатын өсімқорларға «өшпенділікпен» қарайтынын айтып өтеді.
Ежелгі Римде Варрон, Катон, Цицерон, Колумелла сияқты ғалымдар жазушылар және саясаткерлер ауыл шаруашылығы экономикасына, жерге меншікке және құлдардың еңбегін ұйымдастыруға баса назар аударған. Атап айтқанда, Колумелла (б.э.д. І ғ.) бүкіл Жерорта теңізі аумағының ауыл шаруашылығы тәжірибесін жинақтай отырып, агрономия жөнінде тың ойлар айтты. Ол құлдардың төмен еңбек өнімділігін көрсетіп, шаруашылықты жүргізуді колондарға – еркін диқаншыларға беру мәселесін көтерді. Құлдар еңбегінен бірден бас тарту мүмкін еместігін түсіне отырып, ол құлдар шаруашылығын тиімді ұйымдастыру қағидаларын ойлап табуға тырысты.
Жаңа жылсанаудың басы – әлемдік діндердің қалыптасқан уақыты. Діндарлардың Басты кітаптарында арнайы экономикалық теориялар кездеспейді, алайда олардың барлығында арам байлық, өтірік, қулық, өсімқорлық кінаратталады. Ақша, мүлік, дүние – басты мақсат емес, құрбан шалу, қайырымдылық жасау мүмкіндігін, Жаратушыға құлшылық еткен дұрыс деген идеяны ұстанды.
Ортағасырлық экономикалық ой пікірлер
Орта ғасырларда экономикалық ойлар айтарлықтай қарқынды дами бастады. Ортағасырлық идеологияның, соның ішінде шаруашылық өмір саласына да қатысты идеологияның ерекшелігі – оның терең діни сипатында. Барлық экономикалық мәселелер діни көзқараспен талқыланды. Табиғи шаруашылық қатынастардың орта ғасырлық түрі немесе феодализм әдетте Шығыс мемлекеттерінде III-VIII ғ.ғ., ал Еуропа мемлекеттерінде V-ХІ ғ.ғ. қалыптасты.
Арабияда