мен математиканың, сондай-ақ аспаптар құрылысының бүкіл проблемаларын қамтитын жиынтық шығарма. ХІІ ғасырдың кейбір авторларының пікірі бойынша Аристотель «Бірінші ұстаз» деген атаққа логика ғылымдарын жасағаны үшін ие болса, әл-Фарабиге «Екінші ұстаз» деген құрметті ат музыка теориясын қалыптастырғаны үшін берілген. Әл-Фараби өз алдына музыканың ұңғыл-шұңғылына дейін толық та тиянақты зерттеу жүргізуді мақсат қып қойған. Ол мақсатына жеткен. Алғаш рет музыканың жүйесін жасаған. Оған дейін кейбір жекелеген болжаулар, мәселен, дыбыстың үйлесімі мен пропорциясы туралы тұжырымдар болған-ды, бірақ әл-Фараби музыка теориясын қалыптастырып, оның тарихын жасап, жаңа ғылым – музыка ғылымына жолдама берді. Эрланженің сөзін еске түсіре кетейік: «Фарабидің музыка теориясы ережелерінің толықтығы сондай, оларды кез келген музыкаға тегіс қолдана беруге болады». Кейінгі ғасырларда өмір сүрген көптеген авторлардың шығармаларында ұлы ғалымның осы кітабынан алынған музыканы анықтау, дыбыс теориясы мен интервал жайлы түсініктер көптеп кездеседі. «Музыканың үлкен кітабы» XV ғасырда Еуропа жұртшылығына тарап, музыка теориясының дамуына үлкен ықпал асады.
Фараби композиторлық қабілет пен күйшілік және әншілік шеберліктің арасын ашып көрсетеді. Ұстаздың ойынша ән, әуен тудыру қабілеті орындаушылық қабілетінен әлдеқайда артық, әлдеқайда қиын. Сезімталдық дүниесінің білімін молайтатын адам ақыл-ойының «белгісізді тапқыш» құдіретіне әл-Фараби ерекше мән беріп, атап көрсетеді.
Музыка зерттеушілері музыкалық шығарма түзетін элементтермен (нота, әуен, тон) айналысады. Фараби музыкалық шығармалар мен поэзияны салыстыра отырып, өнердің осынау екі түрінің бір-бірімен өте тығыз байланыста екенін айрықша атап өтеді. Поэзияның бастауыш элементі – фонема болса, музыканікі – тон. Зерттеушілер музыкалық шығарманың элементтерін белгілі ретпен қарапайым түрінен бастап күрделі музыкалық туындыға дейін қамтып қарауы қажет.
Музыкалық үн-әуенді қабылдау мәселесінде дыбыс ерекшелігін жоққа шығарып, тек қана есеп пен өлшемді алға қоятын пифагор мектебінен мүлде бөлек бағыт ұстанған әл-Фараби, дыбыс толқынын анықтауда айрықша рөл атқаратын есту қабілетін жоғары атап, Аристоксеннің үйлесімдік мектебінің дәстүрін жалғастырады.
Адамның бес сезіміндей есту сезімі де, Фарабидің ойынша, «Табиғи және жасанды» болып келуі ықтимал. Табиғи түйсік адам жанын рақат сезімге бөлеп, жадыратып кетсе, жасанды түйсік көңілде күйініш тудырады. Музыкалық ырғақ-толқында осы екі түйсік қат-қабат кездеседі. Ал музыка теориясы құлақтан кіріп, бойды алар саздың барлық сезім-түйсігін тұтас қарап, түгелдей тексереді. Музыкалық үн-әуен табиғи жолмен де (ән), жасанды түрімен де (инструментальды әуен) жасалуы мүмкін. Немесе, Фараби айтқандай, ол «табиғат туындысы», «өнер туындысы» болып бөлінеді. Сондықтан да зерттеуші ғалымдар үн-әуеннің шыққан тегіне мән бермеуі қажет.
Әлдебір құбылыстың мәнін ұғыну үшін тәжірибеге сүйену қажеттігін